ATA Creative Hub
ATA Creative Hub – 2024 жылдың 4 мамырында құрылған заманауи баспа әрі кітап дүкені. Баспаның негізін белгілі жазушы, алаштанушы Елдос Тоқтарбай қалаған.
ATA Creative Hub баспасы – шығармашылық алаң ретінде ұлттық әдебиетті дамытуға, жаңа буын оқырман мен қаламгер арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған мәдени-интеллектуалдық орталық.
Баспаның басты мақсаты – Қазақ мемлекетін күшті әрі дамыған республикаға, ал халқын интеллектуал, озық ойлы ұлтқа айналдыру. Осы асқақ мұратты міндет жолында әр қазақ баласының ұлттық иммунитетін күшейтуге, мемлекетшілдік санасын қалыптастыруға ақысыз-пұлсыз қызмет етеміз. Өйткені, Алашқа қызмет – ұлық іс!
Баспа қызметінің негізгі бағыттары – балалар мен жасөспірімдер әдебиеті, көркем әдебиет, әдебиеттану және алаштану зерттеулері, сондай-ақ мотивациялық және танымдық кітаптарды шығару.
ATA Creative Hub баспасы – жас авторлардың шығармаларын қолдап, сапалы басылым мәдениетін қалыптастыруға және қазақ кітап нарығында мазмұндық әрі эстетикалық деңгейі жоғары өнім ұсынуға ұмтылады. Сонымен қатар, баспа тек кітап шығарып қана қоймай, әдеби-мәдени бастамаларды жүзеге асырып, оқырман қауымның зияткерлік сұранысын арттыруды мақсат етеді.
ATA Creative Hub баспасы 2024 жылы 7 кітап, 2025 жылы 14 кітап шығарып, оқырман назарына ұсынған.
2025 жылы «Ұлттық кітап күні» мерекесіне орай өткізілген республикалық баспалар байқауында баспамыздың №1 өнімі «Тау құсы» кітабы «Балаларға арналған үздік кітап» номинациясы бойынша І орын жүлдесін иеленді.
Баспамыздың кітаптарын еліміз бойынша Meloman, Алматыкітап дүкендерінен және Kaspi қосымшасы арқылы онлайн тапсырыспен сатып алуыңызға болады.
Алашын таныған азамат көп болсын!
ATA
«Алашын танытқан азамат» — терең мағыналы ұлттық ұғымға негізделген атау.
Қазақ дүниетанымында «Ата» сөзі ерекше қасиетті, киелі ұғымдардың бірі саналады. Ол тек әке немесе арғы буынды ғана емес, тұтас ұрпақ жалғастығын, тарихи жадты, ұлттық тамырды білдіретін кең мағыналы ұғым.
Қазақ тіліндегі көптеген іргелі сөздердің басында «Ата» сөзі келуі де осының айғағы:
- Атақоныс
- бабалардан мұра болып қалған ежелгі мекен, ата-баба ғасырлар бойы қоныстанған жер. Бұл ұғым халықтың тарихи кеңістігін, ұрпақ жалғастығын білдіреді.
- Атамекен
- адамның туған, өскен жері ғана емес, ұлттың рухани және тарихи отаны. Қазақ үшін атамекен ұғымы елдік пен еркіндіктің символы саналады.
- Атажұрт
- ата-бабаның тарихи мекені, ұлттың түп тамыры жатқан жер. Бұл сөз көбіне тарихи жады мен ұлттық болмысты білдіру үшін қолданылады.
- Аташаңырақ
- әулеттің, отбасының негізгі ошағы. Әдетте кенже ұлға қалатын қара шаңырақ ұрпақ сабақтастығының, әулеттік бірліктің белгісі ретінде құрметтеледі.
- Атабейіт
- ата-бабалардың мәңгілік мекені, қасиетті қорым немесе бейіт. Ол халықтың өткеніне тағзым ететін, тарихи жады сақталатын орын.
- Аталық
- қазақ қоғамындағы тәрбиелік әрі әлеуметтік маңызы бар ұғым. Аталық деп хан, сұлтан немесе жас мұрагерлердің тәрбиешісі болған, ел басқару ісіне баулыған беделді тұлғаларды атаған.
«Ата» сөзі қазақ дүниетанымында тарих, тамыр, ұрпақ, рухани сабақтастық сияқты ұғымдарды біріктіретін киелі сөз. Сондықтан ATA Creative Hub атауы да ұлттық рухқа, тарихи жадқа және Алаш мұрасын таныту миссиясына негізделген символдық мәнге ие.