← Өткен бетке оралу
Сұхбат

Ұлттық сананы дұрыс қалыптастыру керек!

Елдос Тоқтарбайдың 31 мамыр қарсаңында жазған хабары

Бөлісу:
Мұқаба

Қоғамдық өмірімізден мынаны жиі байқаймын: Алаш арыстары туралы сөз болғанда біз көбіне олардың түрмедегі суреттерін, тергеу ісіндегі фотоларын, айдаудағы жүдеу жүздерін, азап пен қорлықтан қажыған кейіптерін жариялап, көпке көрсетеді екенбіз. Әрине, бұл – тарихи шындық. Оны ешкімнен жасыруға болмайды. Бірақ сол шындықты ұлт санасына қайта-қайта бір ғана қырынан тықпалай беру де дұрыс емес. Мұны мен травмалық контент деп ұғамын.

Травмалық контент дегеніміз – жеке адамның немесе тұтас қауымның басынан өткен қасірет, зорлық, қорлық, қуғын-сүргін көріністерін үздіксіз қайталап көрсету арқылы сананы жаралайтын ақпар-дерек, мәлімет. Мұндай контент уақыт өте келе тарихи сананы күшейтпейді, керісінше ұжымдық психологияны жарақаттайды. Бір сөзбен айтқанда, ескі жараның аузын қайта тырнаймыз.

Бүгінгі қазақ баласы Әлиханның суретін көрсе – түрмеде отырған адамды, Ахметті көрсе – тергеуге түскен тұтқынды, Міржақыпты көрсе – айдалған қайраткерді, Мағжанды көрсе – атылуға бара жатқан ақынды елестететін жағдайға жетті. Ал шын мәнінде олар ең алдымен осы мемлекеттің жобасын жасап, негізін қалаған тұлғалар, ұлттың интеллектуалдық элитасы, реформаторлар, ғалымдар, жазушылар, саясаткерлер болатын. Ал сталиндік репрессия олардың өмірінің соңғы кезеңі ғана. Ал біз сол соңғы кезеңді тұтас ғұмырынан үлкен етіп көрсетіп жібердік. Егер алмандар (немістер) балаларын үнемі концлагерьдегі азапталған күйінде ғана көрсетсе, олардан бүгінгі қираған күл-қоқыстан гүлдей жайнап өскен жеңімпаз ұлт шықпас еді. Егер яһудилер (еврейлер) ұрпағына тек Холокост қасіретін ғана көрсетіп, ғылымдағы, экономикадағы, мәдениеттегі жетістіктерін көрсетпесе, ұлттық рух әлсірер еді. Сол сияқты қазақ та Алаш арыстарын тек құрбан болған шейіттер ретінде емес, жеңімпаз идеяның иелері ретінде танытуы керек!

Қазақ баласының санасына кімнің қалай өлгені емес, қалай өмір сүргені, ұлты үшін не істегені әсер етуі тиіс. Сондықтан Алаш қайраткерлерін таныстырғанда олардың түрмедегі фотоларынан бұрын халық алдында сөйлеп тұрған сәтін, кітап жазып отырған кезін, газет шығарып отырған шағын, ұлттық мемлекет құру жолындағы күресін көрсету маңызды. Біз жасөспірімдер мен жастарға Алаш оғыландарының дегдар, қуатты, мінезді, асқақ келбеттерін, ұлт бостандығы жолындағы тегеурінді істерін көрсетіп, насихаттап отыруымыз керек. Өйткені ұлттың болашағын тағдыр қасіреті емес, озық үлгісі тәрбиелейді.

Біз Алашты аяныштың символына айналдырмауымыз керек. Алаш – жеңілгендердің қозғалысы емес. Алаш – идеясы аман қалған тірі қозғалыс. Өлмеген, өшпеген идея. Оларды үздіксіз азап көрген, соққы жеген, жаншылған бейнеде көрсету ұлттық сананы құрбандық психологиясына итермелейді. Ал олардың білімді, қайратты, іскер, мемлекетшіл бейнесін дәріптеу ұлтқа сенім береді. Сондықтан ұлтты сүйетін, ұлтқа қызмет ететін жаңа буын қалыптастырамыз десек, травмалық контенттен бастарту керек!

Ал Алаш арыстарының түрмедегі суреттерін тарихи құжат ретінде сақтау керек. Бірақ оларды ұлттық жадымыздың негізгі бейнесіне айналдыруға болмайды. Себебі ұлт өзін үнемі қапаста отырған күйінде емес, азаттыққа ұмтылған күйінде көруі тиіс.

Алаштың мұрасы – өміршең идея. Алаштың бейнесі – ұлттық иммунитетіңді күшейтетін рухани вакцина. Алаштың бейнесі – ұлтты оятқан рух. Сондықтан Алаш қайраткерлерінің жаншылған, қорланған, азапталған суреттерін шексіз қайталай беру тарихи ағарту емес, ұлттық жадыны травмамен қоректендіру болып саналады. Біз енді Алашты қасіреттің призмасынан емес, жасампаздықтың биігінен көрсетуге көшуіміз керек! Сонда ғана келер ұрпақ Алаш боздақтарын аяп емес, Алаш тұлғаларына ұқсағысы келіп өседі. Бізге керегі осы емес пе, әлеумет?!

ATA Creative Hub