Құрметті директорымыздың мерейтойы
Құрметті директорымыз Тұрсын Жұртбайдың 75 жас мерейтойы туған жері – Абай облысында жоғары деңгейде атап өтілді. Халықаралық конференцияда баспамыздан шыққан 4 кітаптың тұсаукесері өтті
Алаштың астанасы — Семей қаласындағы Шәкәрім университетінде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, жазушы, абайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың 75 жас мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Абай облысы әкімдігінің қолдауымен, Шәкәрім университетінің ұйымдастыруымен өткен жиынға Қазақстан, Түркия және Өзбекстаннан келген ғалымдар, әдебиеттанушылар, тарихшылар, абайтанушылар мен алаштанушылар, зиялы қауым өкілдері, жас зерттеушілер қатысты.
Конференцияның мақсаты – Тұрсын Жұртбайдың қазақ әдебиеттануы, абайтану және алаштану ғылымының дамуына қосқан үлесін ғылыми тұрғыдан зерделеу, қаламгердің шығармашылық даралығын, көркемдік-эстетикалық ізденістерін және ұлттық руханияттағы орнын саралау.
Абай облысының әкімі Берік Уәли баяндамасында «Тұңғыштар мекені» аталатын қасиетті Семей топырағынан түлеген Тұрсын Жұртбайдың елу жылдан астам уақытын ғылымға, ұлттық сананы жаңғыртуға және тарихтың ақтаңдақтарын түгендеуге арнағанын атап өтті.
Университет ректоры Думан Орынбеков Семейдің рухани-ғылыми кеңістігімен біте қайнасқан ғалым шығармашылығын насихаттау, ғылыми мұрасын жас ұрпаққа таныту бағытындағы жұмыстар университетімізде жүйелі түрде жүргізілетініне ерекше тоқталды.
Жиын аясында «Тұрсын Жұртбай әлемі» көрмесі ұйымдастырылып, ғалымның кітаптары мен ғылыми-зерттеу еңбектері көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, баспамыздан шыққан «Ұлт ақыны. Мағжан Жұмабайдың шығармашылық өмірбаяны» және «Өлгендермен өмір сүремін» кітаптарының тұсаукесері өтті.
Сонымен қатар Шәкәрім университетінің бес үздік студентіне Тұрсын Жұртбай атындағы бір реттік шәкіртақы табысталды.
Ғалымның мерейтойына арналған бұл жиын – ұлттық ғылымға, тарихи жадқа және руханиятқа деген құрметті кейінгі ұрпаққа аманаттаудың тағылымды үлгісі.




Дайындаған – Құлагер