"Тұңғыш қазақ ветеринары" кітабының тұсауы кесілді
ATA Creative Hub баспасынан шыққан Жауынбай Жылқыбайұлының «Тұңғыш қазақ ветеринары» атты Ғұбайдолла Бердінің өмірі мен қызметіне арналған тарихи-танымдық зерттеуі
«Ветеринария ғылымы: тарихтан тағылым, болашаққа бағдар» атты ғылыми-академиялық кездесу аясында алаштанушы Жауынбай Жылқыбайұлының ATA Creative Hub баспасынан шыққан «Тұңғыш қазақ ветеринары» атты зерттеу кітабының тұсауы кесілді. Бұл - Алаш зиялысы Ғұбайдолла Бердінің өмірі мен қызметіне арналған тарихи-танымдық зерттеу.
Бұл іс-шара ғылым күніне орай ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен мал дәрігерлік ісінің қара шаңырағы - Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде өтті. Шараға ҚР Президентінің жанындағы ҰҒА басқарушы директоры, профессор Қуантар Әлиханов модераторлық етті.
Шараның құрметті қонақтары, ғалымдар мен ветеринария саласындағы мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдар мен зертханалардың басшылары жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін жасап, лентасын қиды.
Шара аясында студенттер мен жас ғалымдарға бас редактор Елдос Тоқтарбай ұлттық сана, тарихи жады тақырыбынды танымдық дәріс оқыды. Сөз легін баспа редакторы Әлібек Байбол мен жас зерттеуші Даниял Айдар жалғастырды.
Алаштану ісіне қосқан елеулі еңбегі үшін Әлібек Байбол "аграрлық білімге, ғылымға және өндіріске қосқан үлесі үшін" төсбелгісімен және ҚР Ұлттық ғылым академиясы Президентінің алғыс хатымен марапатталды.
Баспа тарапынан бұл кітап шара қонақтарына сыйға тартылып, Елдос Тоқтарбай мен Әлібек Байбол оқырманға өз қолтаңбасын қалдырды.



