Тұрсын Жұртбай мерейлі 75 жасқа толды
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тұрсын Жұртбайды қабылдап, мерейтойымен құттықтай отыра 1-ші дәрежелі Барыс орденін табыстады
Баспамыздың авторы, әрі ардақты ұстазы Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай 75 жасқа толды. Бұл күн - мерейлі күн.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұстазды Ақордаға арнайы шақыртып, көпжылдық еңбегі үшін мемлекетіміздің даңқты марапаттарының бірін табыстады. Қасым-Жомарт Тоқаев саналы ғұмырын ұлт руханиятын дамытуға арнап келе жатқан көрнекті ғалым, қарымды қаламгер Тұрсын Жұртбай төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын зерттеп, халықтың сана-сезімін жаңғыртуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.
– Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын терең зерттеп, жан-жақты дәріптеуге зор еңбек сіңірдіңіз. Абай – ұлттың рухани темірқазығы, өскелең ұрпақтың айнымас бағдары. Шын мәнінде, ұлы ойшылды тану – қазақты тану деген сөз. Сіз Мұхтар Әуезовтің және ұлт қайраткерлерінің мол мұрасы мен өнегелі өмірі туралы құнды ғылыми еңбектер жаздыңыз. Шоқтығы биік көркем шығармаларыңыз арқылы төл әдебиетіміздің құндылығын арттыра түстіңіз, – деді Мемлекет басшысы.
Тұрсын Жұртбай ұстазымыздың мерейтойы аясында баспамыздан оның екі жаңа кітабы жарық көреді. Тамыз айының соңына қарай сатылымға шығып, оқырманға кеңірек таныстыратын боламыз!
Жазбамызды қорытындылай келе, ұлағатты ұстазға ұзақ ғұмыр, амандық пен шығармашылық табыс тілейміз!
Жазбаны дайындаған - Д.А.
