← Өткен бетке оралу
Жаңалық

Жаңа кітап!

Сүйінші! Балалар күніне орай ATA Creative Hub баспасынан Ә.Балтаның «Өзімшіл балға» атты мысал әңгімелер жинағы және Е.Тоқтарбайдың «Әй-әй, ботақан!» деген әңгімелер кітабы жарық көрді.

Бөлісу:

Құрметті жас достар! Сүйінші!

Сендердің төл мерекелеріңе орай ATA Creative Hub баспасынан балалар жазушысы Әділ Балтаның «Өзімшіл балға» атты мысал әңгімелер жинағы және бас редакторымыз, жазушы Елдос Тоқтарбайдың «Әй-әй, ботақан!» деген әңгімелер кітабы жарық көрді.

Әділ Балтаның «Өзімшіл балта» кітабына жас оқырманды адамгершілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа, мейірім мен ізгілікке тәрбиелейтін тағылымды әңгімелер топтастырылған. Әр шығарма баланың дүниетанымын кеңейтіп, жақсы мен жаманды ажыратуға жетелейді. Қазақ балалар әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар марқұм жазушы Әділ Балтаның есімі бүгінгі оқырманға көп таныла бермеуі мүмкін. Сондықтан бұл кітаптың жарық көруі – балалар әдебиетінің қорын толықтырып қана қоймай, қаламгер мұрасын қайта қауыштыру жолындағы маңызды қадам. Жақсы кітаптың ғұмыры ұзақ. Біз «Өзімшіл балға» кітабы жас оқырмандардың сүйікті туындыларының біріне айналады деп сенеміз.

Елдос Тоқтарбайдың «Әй-әй, ботақан» балғын оқырманға арналған мейірімге толы әңгімелер жинағы. Кітаптағы әрбір оқиға баланың жан дүниесіне жақын, оның күнделікті өмірінен алынған әсерлі сәттерге құрылған. Мұнда бала мен ата-ана арасындағы жылылық, достық, қамқорлық, табиғатты аялау, жақсылық пен жамандықты айыра білу сияқты маңызды ұғымдар көркем тілмен баяндалады. Әңгімелердің тілі жеңіл, оқиғалары тартымды, кейіпкерлері шынайы. Олар баланы ойлануға, ізгілікке ұмтылуға, үлкендерді құрметтеп, кішілерге қамқор болуға баулиды.

Қос жинақ та мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына, сондай-ақ ата-аналар мен тәрбиешілерге арналған.

ATA Creative Hub